С. Лапин атындағы №261 орта мектебі
Мектеп тарихы
Қызылорда қаласының Әл-Фараби көшесінің бойында 2007 жылдың 14 желтоқсанында 624 орынға арналған білім ордасы бой көтерді. 2008 жылдың 3 қаңтар күні облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед Абрарұлы мектепті салтанатты түрде ашты. Кенжебаев Мейірман Рахымұлының басшылығымен басталған мектепті 2012 жылдан 2015 жылға дейін Абдраймов Данабек Жақсылықұлы басқарды. 2013 жылы қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен соңғы қоңырау кеші өтті. 2015-2019 жыл аралығында Шүренов Алтынсары Әлекеұлының басқаруымен айтулы білім ошағы қаншама жетістіктерге жетті. 2017 жылы мектебімізге Серәлі Лапин есімі берілді. 2019 жылдан бастап мектепті Абдрахманова Қарлығаш Қуанқызы басқарып келеді.
Қанатын кеңге жайып, кемелденіп келе жатқан білім ордасында оқушылар саны мен мұғалімдер саны да жыл сайын артып келеді. Осыдан он жыл бұрын 630 оқушы білім алып, 72 мұғалім дәріс беріп, сынып жиынтығы 37 болып ашылған мектебімізде бүгінгі күні бала саны 2300-ге, мұғалімдер саны 209-ге, ал сыныптар жиынтығы 80-ге жетті. Мектебімізде 195-жоғары білімді, 14-арнаулы орта білімді, 2 шебер, 38 зерттеуші, 43 сарапшы мұғалім еңбек етуде.
Шәкірттерге білім беру мен тәрбиелеуде ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру қағидасын қатаң ұстанатын мектеп ұстаздары заман талабына сай озық технологияларды қолдану барысында мектепішілік, қалалық, облыстық көлемде түрлі семинарлар, қызықты коучингтер, оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар жүргізіп келеді.
Мұғалімдеріміздің біліктілігі мен кәсіби шеберлігін шыңдайтын «Ұлағат» озат тәжірибе орталығы жұмыс жасауда. Жастарға үлгі-өнеге беретін ұлағатты ұстаздарымызбен біте қайнасып еңбек етуде бұл орталықтың орны ерекше. Оқушылардың да шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыс жасап жатқан мектебімізде түрлі орталықтар бар.
Мұғалім мәртебесі қашан да шәкіртінің жетістігімен бағаланады. Ұстаздардың қажырлы еңбегі – шәкірттерінің шыққан биігімен өлшенеді. 2015-2016 оқу жылында мектебіміздің тарихында тұңғыш рет 1 оқушы (Жанділдә Аякөз) «Алтын белгіге», 1 оқушы (Сейітқазы Сымбат) үздік куәлікке бітіріп, ұстаздардың еңбегін ақтап, мектебіміздің мерейін тағы бір асқақтатты.
Мектеп мұғалімдері де, оқушылары да спорттық жарыстарда жақсы жетістіктерге жетті. 9-сынып оқушысы Әмір Бекзат 2018 жылы тоғызқұмалақтан «Азия чемпионы» атанды.
«Жас ғалым» оқушылардың ғылыми қоғамында дарынды оқушылар ғылыми жұмыстармен айналысып, түрлі ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындар иемденуде.
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің бастамасымен «Жас қалам» оқушылардың шығармашылық орталығы, «Күлтөбе» оқушылардың әдеби-танымдық клубы құрылды. Бұл орталықтарда өлең шығаруға, шығармашылыққа бейім оқушылармен жұмыстар жүргізіледі. Оқушылар түрлі сайыстарға, байқауларға қатысып, алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталуда.
Сонымен қатар, мектебімізде еңбек жолына жаңадан келген жас мамандарымызға әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби-педагогикалық шеберліктерін шыңдайтын «Жас мамандар мектебі» орталығы жұмыс жасайды. Жыл сайын қатарымызға қосылған жас мұғалімдерге тәлімгер ұстаздар бекітіліп, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырымен таныстырып, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері жөнінде бағыт-бағдар беретін орталық. Жас мамандармен түрлі іс-шаралар, сайыстар, апталықтар, семинарлар ұйымдастырылып, өткізіледі.
Қазіргі таңда жастарымыздың арасындағы үлкен қозғалыстың бірі ол ЖАЙДАРМАН. Жас ұрпақты тапқырлыққа өмірін «жайдарлылыққа, әсемдікке» тәрбиелейтін «Жайдарман» ойынының дамуын қолға алып, 2013 жылы «Әл-Фараби жастары» жайдарман орталығы құрылды. Бұл жастардың арасында, жаңа серпіліс болды. Жастардың болашағына жарқын сеніммен, жайдарлы жол сала білді.
«Әл-Фараби жастары жайдарман тобының толағай жетістіктеріне тоқталып өтсек: 2014 жыл – Облыстық мектеп лигасы Вице Чемпионы, 2015 жыл – Достық кубогы Чемпионы, 2016 жыл – Облыстық мектеп лигасы Чемпионы, 2017 жыл – Облыстық Премерь лига Чемпионы кубоктарымен марапатталып, 2017жылы қаңтар айында мұғалімдердің қолдауымен АСТАНА қаласына Республикалық МАУСЫМАШАР жайдарман сайысына қатысып, Өскемен қаласына жолдама ұтып алды. Мектебіміздің атын тағы да жандандыра түсті. Осы оқушыларды тәрбиелеп жүрген ұстаздар да 2016 жылы «Мұғалімдер құрамасы» жайдарман тобын құрып, өнерлерін көрсетіп, көрермендер көзайымына айналып келеді. 2016 жылы қызметкерлер арасында Қызылорда облысы әкімінің ІІІ орын кубогын жеңіп алды. 2017 жылы Көңілді тапқырлар алаңының (КТА) ұйымдастыруымен өткізілген кіші футболдан Чемпион атанды.
Мектеп жаңалықтарымен бөлісу мақсатында әлеуметтік желілерде мектеп парақшасы белсенділік танытып келеді. Оқушылар үшін өздерінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік беретін, түрлі жобаларға бастама болатын «COWORKING» орталығы ашылды. Орталық облыстық коворкингтер орталығынан үздік деп танылып, байқауда 1-орын алды.
Мектеп тарихында болған үлкен жетістіктің бірі 2020 жылы жыл қорытындысы бойынша қала мектептерінің арасынан мектебіміз «Жаңалық жаршысы» номинациясын иеленді.
2021 жылы «Үздік мектеп» номинациясын алды.
Болашағы жарқын, келешегі кемел білім ордасының әлі талай белестерді бағындырып, жандана түсетініне, жетістіктеріміз әлі де еселене түсетініне сеніміміз мол. Қажырлы еңбекті, үздіксіз ізденісті, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуды адамгершілік парызым деп білген ұжымдағы ұстаздардарымыздың әлі де талай шәкірттерді тәрбиелеп, мектебіміздің атын тек биіктерден көрсетеді деген үміттеміз.